БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстандық спортшыларға Олимпиада стипендиясының алғашқы төлемі берілді

2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиада ойындарына дайындық аясында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) жеке стипендиялық бағдарламасына енген қазақстандық спортшыларға алғашқы қаржылық төлем аударылды.

Бағдарламаға қатысқан әрбір спортшы 2500 АҚШ доллары көлемінде стипендия алды. Бұл қаржы Олимпиадаға іріктеу кезеңі мен дайындық барысында спортшыларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Қазақстандық атлеттердің бағдарламаға енуіне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бастамашы болды. ҰОК ұлттық спорт федерацияларымен және ХОК-пен бірлесіп жұмыс жүргізіп, өтінім беру процесін толық үйлестірді.

Стипендия 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жеке спорт түрлерінде бақ сынайтын спортшыларға беріледі. Үміткерлерді іріктеу барысында олардың спорттық нәтижелері, Олимпиада жолдамасын алу мүмкіндігі және жоғары нәтиже көрсету әлеуеті ескерілді. Сонымен қатар допингке қатысты тәртіп бұзушылықтардың болмауы және Олимпиадалық хартия талаптарына сәйкестік негізгі талаптардың бірі болды.

Бөлінген қаражат оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға, жеке дайындыққа, жаттықтырушылар мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми қолдауға, сақтандыруға, сондай-ақ тұру мен тамақтану шығындарын өтеуге жұмсалуы мүмкін. Қаржының пайдаланылуы белгіленген тәртіпке сәйкес тұрақты түрде бақылауға алынады.

Қазақстан ҰОК мәліметінше, бұл қолдау спортшылардың дайындық процесін жүйелі жүргізіп, іріктеу жарыстарына сапалы әзірленуіне мүмкіндік береді.

Олимпиада стипендиясының қазақстандық иегерлері:

  • Аида Әбікеева (бокс)
  • Сағындық Тоғамбай (бокс)
  • Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо)
  • Әбиба Әбужақынова (дзюдо)
  • Милад Карими (спорттық гимнастика)
  • Руслан Курбанов (семсерлесу)
  • Исхар Курбаев (грек-рим күресі)
  • Ризабек Айтмұхан (еркін күрес)
  • Зейнеп Баянова (әйелдер күресі)
  • Мария Бровкова (ескек есу – байдарка/каноэ)
  • Александра Ле (нысана көздеу)
  • Ислам Сәтпаев (нысана көздеу)
  • Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу)
  • Батырхан Төлеуғали (таеквондо)
  • Алан Құрманғалиев (үстел теннисі)
  • Елизавета Матвеева (жеңіл атлетика)
  • Әсем Орынбай (стенд ату)
  • Сергей Петрович (ауыр атлетика)
  • Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика)
  • Данил Мусабаев (батуттағы гимнастика)

Айта кетейік, ХОК-тың бұл стипендиялық бағдарламасы спортшыларға қосымша мүмкіндік беріп, олардың Олимпиадаға іріктеуден сәтті өтіп, жоғары нәтижеге жетуіне жағдай жасауға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button