
Қазақстан құрамасы Польша астанасы Варшавада өткен дзюдодан Еуропа кубогын бес медальмен қорытындылады.
Отандастарымыз жарыста бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда екі қазақстандық балуан – Сұңғат Нұрлатұлы мен Тоқтар Умуталиев өзара кездесті. Шешуші белдесуде Тоқтар Умуталиев жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды. Ал Сұңғат Нұрлатұлы күміс медаль иеленді.
Қола жүлделерді Асылхан Зинуллин (60 кг дейін), Айбол Нысанәлі (90 кг дейін) және Камила Берліқаш (78 кг жоғары) жеңіп алды.
Осы нәтижелердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.



