ФУТБОЛ

Қазақстанда FIFAe аясында киберфутболдан ұлттық чемпионат басталады

Сәуір айында Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен киберфутболдан ұлттық құраманы жасақтауға арналған Қазақстан чемпионаты өтеді.

Жарыс бірнеше ойын платформасында ұйымдастырылады. 6 сәуірде турнир eFootball (Console) форматында өтсе, 20 сәуірде қатысушылар Rocket League ойынында бақ сынайды. Ал 27 сәуірде eFootball (Mobile) платформасындағы жарыс жоспарланған.

Чемпионат онлайн форматта өткізіледі. Оған 16 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Қатысу үшін ойыншылар арнайы FIFA.GG платформасында тіркелуі тиіс.

Турнир қорытындысы бойынша 10 ойыншыдан тұратын кеңейтілген ұлттық құрама жасақталады. Кейін сол құраманың ішінен халықаралық FIFAe жарыстарына қатысатын негізгі команда анықталады.

Бұл жоба қазақстандық ойыншыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, әлемнің үздік киберспортшыларымен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бастама елімізде киберфутбол қауымдастығын дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға бағытталған.

Жоба FIFA ұйымдастыратын FIFAe халықаралық киберспорт экожүйесі аясында жүзеге асады. 2026 жылғы маусымда ұлттық қауымдастықтар өз елдеріндегі үздік ойыншыларды анықтап, ұлттық құрамаларды жасақтайды.

Халықаралық маусым бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ұлттық бағдарламалар мен іріктеу турнирлері өтеді. Одан кейін құрамалар FIFAe Nations League жарысында бақ сынайды. Бұл турнир үш ойын аптасынан тұрады және әр кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар құрлықтық чемпионаттарға жолдама алады.

Құрлықтық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен командалар маусымның басты додасы – FIFAe World Cup 2026 турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Әлем чемпионатының финалдық кезеңі қатарынан төртінші рет Сауд Арабиясында өтеді.

Турнирге қатысу үшін алдымен FIFA.GG платформасында аккаунт ашып, Team Manager ретінде тіркелу қажет. Одан кейін команда құрып, ойыншыларды қосып, олардың аккаунты бар екеніне көз жеткізу керек. Қажетті турнирді таңдап, тіркеліп, шарттарын қабылдаған соң қатысуды Check-In арқылы растау қажет.

Соңғы растау терезесі 15 минутқа ғана ашық болады. Осы уақыт ішінде менеджер команда мен ойыншылардың қатысатынын растауы тиіс. Егер бұл кезең өткізіліп алынса, команда жарыстан шеттетіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button