ТЕННИСТРЕНДТЕ

Елена Рыбакина жеңіс саны жөнінен әлемде көш бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина өткен жылдың шілде айынан бергі кезеңде жеңістер саны бойынша әлемдік теннисте көш бастады.

OptaAce дерегінше, қазақстандық теннисші осы уақыт аралығында WTA турнирлерінде 41 матчта жеңіске жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Рыбакина өзге теннисшілерден озық тұр.

Ал әлемнің екінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек, рейтингте бесінші орында тұрған америкалық Джессика Пегула, канадалық Виктория Мбоко және румыниялық Сорана Кырстя 31 жеңістен тіркеген.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты. Ол әлемнің 43-ракеткасы, америкалық Хейли Баптисті 7:6 (7:5), 2:6, 6:2 есебімен жеңді.

Қазірдің өзінде қазақстандық теннисші бұл турнирде 61 865 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып, 65 рейтингілік ұпай иеленді. Дегенмен өткен жылғы ұпайларын қорғау үшін оған кемінде төртінші айналымға дейін жету қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button