
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Милад Карими Әзірбайжанның Баку қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде тағы бір жүлдеге қол жеткізді.
Отандасымыз кермедегі жаттығу финалында күміс медаль жеңіп алды. Карими төрешілер бағалауымен 15.033 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады.
Бұл жаттығуда Тайбэй спортшысы Тан Цзя-Хун 15.366 ұпаймен алтын медаль иеленсе, колумбиялық Анхель Барахас 14.400 ұпаймен үшінші орын алды.
Қазақстандық гимнаст Диас Тойшыбек 13.900 ұпай жинап, төртінші орынға табан тіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Милад Карими еркін жаттығулар бағдарламасында да күміс жүлде алған болатын.
Сондай-ақ 8 наурыз күні ат снарядындағы жаттығулар бойынша финал өтті. Бұл сайыста Нариман Курбанов бесінші орын алса, Зейнолла Ыдырысов жетінші нәтижені көрсетті.



