Италияда қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Италияның Верона қаласында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Милан–Кортина-2026 Паралимпиадасына әлемнің 56 елінен 600-ден астам спортшы қатысуда. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша бақ сынайды.
Пара биатлон және пара шаңғы жарысынан ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин қорғайды. Ал пара шаңғы жарысынан Нурлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Милан–Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында өтеді. Жарыс барысында пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей секілді спорт түрлерінен барлығы 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.



