ДЗЮДО
Дзюдошы Әділет Алмат Австриядағы Гран-приде алтын медаль үшін күреседі

Дзюдодан Австрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасының спортшысы Әділет Алмат финалға жолдама алды.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесетін қазақстандық дзюдошы жартылай финалда сербиялық Василие Груйичичтен басым түсті. Осылайша Әділет Алмат жарыстың шешуші кезеңіне шықты.
Финалда ол әзірбайжандық Вусал Галандарзадемен алтын медаль үшін татамиге шығады.
Бүгін аталған салмақтарда тағы бірнеше қазақстандық спортшы бақ сынады. Ажар Асхат (70 келіге дейін), Есмигүл Куюлова (63 келіге дейін), Дастан Шаяхметов пен Есет Қуанов (73 келіге дейін), сондай-ақ Абылайхан Жұбаназар (81 келіге дейін) жарыс жолына шыққан еді. Алайда олардың ешқайсысы финалдық кезеңге өте алмады.



