ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстандық клубтар футзалдан Чемпиондар лигасының ширек финалында қарымта ойындарын өткізеді

Футзалдан Чемпиондар лигасының ширек финалында қазақстандық «Семей» мен «Қайрат» командалары қарымта матчтарын өткізеді.

Семейлік клуб бүгін сағат 20:00-де өз алаңында Францияның «Этуаль» командасымен кездеседі. Ал алматылық «Қайрат» клубы сырт алаңда Испанияның «Картахена» командасына қарсы ойнайды. Бұл матч Қазақстан уақытымен 00:30-да басталады.

Екі кездесу де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, алғашқы ойындарда қазақстандық клубтар қарсыластарына жол берген еді. «Семей» өз алаңында француз командасына 4:5 есебімен ұтылса, «Қайрат» испаниялық клубқа 1:2 есебімен есе жіберді.

Бұған дейін 1/8 финалда «Қайрат» Бельгияның «Андерлехт» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша 7:3 және 5:3 есебімен жеңіп, келесі кезеңге шыққан болатын. Ал «Семей» Польшаның «Пяст» командасымен кездесіп, 3:3 және 5:3 нәтижелерімен ширек финалға жолдама алған еді.

Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңінің форматына өзгерістер енгізілді. Бұл кезеңде 16 команда сегіз жұпқа бөлініп, өз алаңында және сырт алаңда бір-бір ойын өткізеді.

Ширек финалдық кездесулер 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өтеді. Ал турнирдің шешуші кезеңі 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында ұйымдастырылады. Онда төрт команда жартылай финал, финал және үшінші орын үшін матчтарда бақ сынайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button