
Өзбекстандық боксшы Саят Ілиясов алдағы уақытта халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.
Былғары қолғап шебері ел біріншілігінде Маңғыстау облысының намысын қорғайды.
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игеневтің айтуынша, алдымен спортшы Қазақстан азаматтығын алуы және федерацияға қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс. Егер ол ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрамаға шақырту алуы мүмкін.
Саят Ілиясов бұған дейін қазақстандық боксшылармен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Енді ол ресми жарыстарда Маңғыстау облысының атынан сынға түсе алады.
Айта кетейік, боксшы 65 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Өткен жылы Саят Ілиясов Өзбекстан ұлттық құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысқан болатын.



