
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан беделді халықаралық турнирдің екінші айналымына шықты.
Әлемдік рейтингте 88-орында тұрған қазақстандық спортшы алғашқы матчта іріктеу кезеңінен өткен жапониялық Со Симабукуромен кездесті. Оның рейтингі – 113-орын.
Кездесу тартысты өтті. Бірінші партияда Александр Шевченко 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте жапониялық теннисші қарымта қайтарып, 6:3 есебімен теңестірді. Ал шешуші үшінші партияда қазақстандық теннисші 6:2 нәтижесімен жеңіске жетті.
Екі сағат 10 минутқа созылған матчта Шевченко 8 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Ал Симабукуро 6 эйс орындап, 5 мүмкіндіктің біреуін ғана тиімді пайдаланды.
Енді Александр Шевченко үшінші айналымға шығу үшін әлемдік рейтингте 13-орында тұрған норвегиялық теннисші Каспер Руудпен кездеседі.
Айта кетейік, өткен жылы осы турнирдің чемпионы Ұлыбритания өкілі Джек Дрейпер атанған болатын. Ал қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Шевченко ол кезде алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Биыл Александр Бублик турнирді екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы кейін анықталады.



