
Астанада Қазақстан футбол федерациясы мен Халықаралық футбол федерациясының бірлесуімен ұйымдастырылған іс-шара аяқталды.
Жиын барысында Қазақстандағы бұқаралық және әуесқой футболды дамытуға арналған ауқымды талдау нәтижелері таныстырылды.
Халықаралық футбол федерациясының Жаһандық футболды дамыту департаменті 2023–2025 жылдар аралығында елдегі футбол құрылымдарына, басқару жүйесіне және бұқаралық футболдың даму әлеуетіне жан-жақты зерттеу жүргізген. Соның негізінде негізгі қорытындылар мен тәжірибелік ұсыныстар қамтылған аналитикалық есеп әзірленді.
Іс-шара барысында халықаралық ұйымның техникалық сарапшылары зерттеу нәтижелерін Қазақстан футбол федерациясының қызметкерлері мен шақырылған мамандарға таныстырды. Талқылауға Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық техникалық кеңесші Гайоз Дарсадзе, Еуропа бойынша аймақтық техникалық кеңесші Томас Данилевичус, сондай-ақ әуесқой футболды талдау жөніндегі менеджер Раймондас Статкевичус қатысты.
Кездесу Қазақстандағы бұқаралық және әуесқой футболды халықаралық стандарттарға сай дамытуға бағытталған кәсіби пікір алмасу мен нақты қадамдарды талқылау алаңына айналды.



