БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Астанада «ALEM CUP» халықаралық көркем гимнастика турнирлерінің сериясы өтеді

Астанада жақын және алыс шетелдерден келген мыңнан астам спортшының басын қосатын «ALEM CUP» халықаралық көркем гимнастика турнирлерінің ауқымды сериясы өтеді.

Жарыстар халықаралық деңгейдегі сайыстарды өткізуге толық сәйкес келетін Qazaqstan Athletics спорт кешенінде ұйымдастырылады.

Турнирлердің өту тәртібі

1. «FIG ALEM CUP» – 8–10 наурыз
Бұл жарысқа Қазақстан, Италия, Кипр, Сирия, Канада және Қырғызстан елдерінен 60-тан астам лицензияланған гимнаст қатысады. Аталған турнирде Халықаралық гимнастика федерациясының ресми лицензиясы бар спортшылар бақ сынайды. Жарыс ұлттық құрамалардың үздік өкілдерін біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Салтанатты ашылу рәсімі 8 наурызда өтеді.

2. «ALEM CUP» республикалық турнирі – 9–10 наурыз
Бұл додада Қазақстанның 200-ден астам гимнасты спорт шеберлері бағдарламасы бойынша өнер көрсетеді. Республикалық турнир жоғары деңгейдегі спортшылар үшін маңызды алаң саналып, ұлттық құраманың резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Салтанатты ашылуы – 9 наурыз.

3. «ASTANA CUP» және «ALEM BABY CUP» халықаралық турнирлері – 7–8 наурыз
Бұл жарыстарға Израиль, Ресей, Канада, Португалия, Армения және Қазақстаннан шамамен 800 гимнаст қатысады.

Турнирлер барлық жас санатындағы спортшыларды қамтиды. Ең жас гимнастардан бастап жоғары дәрежелі спортшыларға дейін қатысып, өз шеберлігін көрсетеді.

Айта кетейік, жарыстар Туризм және спорт министрлігінің, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қазақстанның Ұлттық гимнастика федерациясының және қалалық гимнастика түрлері федерациясының қолдауымен ұйымдастырылады.

«ALEM CUP» турнирлер сериясы көркем гимнастиканы дамытуға және Қазақстанның халықаралық спорттық жарыстар өткізетін маңызды орталық ретіндегі беделін арттыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button