
Таэквондодан (WT) Қазақстан құрамасы 2026 жылды табысты бастады. Софияда өткен Bulgaria Open 2026 халықаралық турнирінде отандастарымыз 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль еншіледі. G-2 санатындағы жарысқа ересектер арасында 56 мемлекеттен 645 спортшы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы ересектер арасындағы жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтерілді.
Алтын жүлдені Еркебұлан Еңсегенов (54 кг), Эльдар Бірімбай (74 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Жавохирхон Исламов (58 кг) және Тоғжан Қазнабек (57 кг) жеңіп алды. Бейбарыс Қаблан (87 кг жоғары) күміс медаль иеленсе, Айдана Құмартаева (46 кг), Жанель Сұлтанғалиева (46 кг), Нодира Ахмедова (49 кг), Батырхан Кусетов (80 кг) және Жазира Иссина (57 кг) қола жүлдегер атанды.
Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы бірінші орын алса, Қазақстан екінші сатыға жайғасты, ал Иордания үздік үштікті түйіндеді.



