ФУТБОЛ

Қазақстанда eKPL киберфутбол лигасы іске қосылады

Елімізде алғаш рет ұлттық деңгейдегі киберспорт чемпионаты өтеді. Соның аясында eKPL ресми киберфутбол лигасы басталып, жоба EA SPORTS FC 26 ойыны бойынша FC Pro халықаралық жүйесіне қосылады.

eKPL ресми ұлттық жарыс мәртебесіне ие және EA SPORTS FC 26 ойынының Ultimate Team режимінде ұйымдастырылады. Лиганың құрылуы қазақстандық клубтардың жаһандық киберфутбол жүйесіне енуіне, сондай-ақ клуб брендтерінің жас цифрлық аудитория арасындағы танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Маусым үш кезеңнен тұрады. 2026 жылдың ақпан-наурыз айларында клубтар лигада ойнайтын қатысушыларды анықтау үшін ішкі іріктеу өткізеді. Наурыз-сәуір аралығында елдің барлық өңірінен жиналған командалар онлайн форматтағы тұрақты маусымда күш сынасады. Ал сәуірдің соңында тікелей эфирлер, арнайы қонақтар қатысатын және ұлттық чемпион анықталатын LAN форматындағы гранд-финал ұйымдастырылады.

eKPL жеңімпазы Қазақстан атынан киберспорттағы UEFA Чемпиондар лигасының баламасы саналатын eChampions League турниріне қатысады. Бұл додада ұлттық лигалардың чемпиондары мен Еуропаның жетекші клубтары бақ сынайды. Сонымен қатар чемпион EA SPORTS FC Pro World Championship турнирінің іріктеу кезеңіне (Play-Ins) жолдама алады.

Жобаны іске асыру Қазақстан футбол федерациясының цифрлық даму стратегиясының бір бөлігі болып саналады. Бастама жарыстар экожүйесін кеңейтіп, жанкүйерлермен байланыс орнатудың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған. Сондай-ақ жаңа лига жас буынның футболға қызығушылығын арттырып, еліміздегі футбол мәдениетінің цифрлық кеңістікте дамуына серпін бермек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button