Кристина Шумекова – жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы

Қазақстандық конькимен жүгіруші Кристина Шумекова Германияның Инцелль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір алтын медаль жеңіп алды.
Бұған дейін 500 метр қашықтықта топ жарған отандасымыз бұл жолы 1500 метрлік бәсекеде де қарсылас шақ келтірмеді. Шумекова 1:56.06 уақыт көрсеткішімен мәреге жетіп, жеке рекордын жаңартты.
Күміс жүлде 1:56.36 нәтижемен аустриялық Джанин Роснерге бұйырса, жапониялық Аяно Сэкигучи 1:57.97 уақытпен үшінші орынға ие болды.
Бұл қашықтықта Қазақстан атынан өнер көрсеткен Анастасия Беловодова 13-нәтиже көрсетті. Алина Шумекова 28-орын алса, Варвара Глухова 32-сатыға тұрақтады.
Осылайша Кристина Шумекова біріншілікте екі алтын медаль иеленіп, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының басты қаһармандарының біріне айналды.



