ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Тоқаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты «Барыс» орденімен марапаттады

Ақордада ХХV қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның бапкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандық спортшының жеңісі ел үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Шайдоровтың алтын медалі 32 жылдан кейінгі тарихи табыс әрі мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны екенін айтты. Сондай-ақ ол бұл жетістік атақты спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын жаңа буынның қалыптасқанын дәлелдейтінін жеткізді.

Президент чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне ерекше тоқталып, оның ұлын спорт жолында тәрбиелеудегі рөлін жоғары бағалады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Алексей Урмановтың кәсіби шеберлігіне алғыс білдіріп, жеңіске ұлттық құраманың бапкерлері, федерация және Ұлттық Олимпиада комитеті де зор үлес қосқанын атап өтті.

Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев ХХV Қысқы Олимпиададағы жоғары жетістігі үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Ал оның бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденіне ие болды.
«Құрмет» ордені ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

Өз кезегінде Олимпиада чемпионы Мемлекет басшысына және жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтып, бұл жеңіс тек өзінің ғана емес, ата-анасы, бапкерлері мен барша қазақстандықтың ортақ жетістігі екенін жеткізді. Сонымен қатар ол алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, жаңа белестерді бағындыруға күш салатынын мәлімдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button