
Канаданың Квебек қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 халықаралық турнирі мәресіне жетті. Аталған додада Қазақстанның Astana Team командасы AA Elites дивизионында топ жарып, чемпион атанды.
Қазақстан атынан құрылған құрамаға «Торпедо», «Астана», «Юность» клубтарының ойыншылары кірді. Сонымен қатар «Тайгерс Алматы» мен «Михайлов академиясынан» бір-бір хоккейші шақырту алды. Айта кетейік, бір жыл бұрын дәл осы жас санатында қазақстандық команда күміс жүлдегер атанған еді.
Astana Team топтық кезеңдегі барлық матчта жеңіске жетіп, плей-оффқа сенімді жолдама алды. Ширек финалда алаң иелері — Quebec Nordiques ұжымын 3:1 есебімен ұтты. Жартылай финалда Quebec Remparts командасын 2:1 есебімен жеңді. Ал финалда Noir d’Or des Montagnes клубымен өткен тартысты кездесуде буллит сериясында 4:3 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды.
Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament — жыл сайын Канадада өтетін әлемдегі ең танымал балалар хоккей турнирлерінің бірі. Жарыс BB, AA, AA Elites және ең жоғары AAA дивизиондарына бөлінеді.
Қазақстандық команда AA Elites деңгейінде чемпион атанып, келесі маусымда ең жоғарғы AAA дивизионына көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Соңғы шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды. Astana Team бұл жарысқа екінші жыл қатарынан қатысып отыр: 2024 жылы Франциядағы іріктеу додасында жеңіске жетіп, алғаш рет осы дивизионға жолдама алған болатын.
Дереккөз: федерацияның баспасөз қызметі.



