ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Олимпиада-2026 қорытындысы: қазақстандық спортшылар топ-10 қатарынан көрінді

Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бір алтын медаль жеңіп алғанымен, бірқатар спортшымыз өз жарыстарында үздіктер қатарына еніп, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Еске салайық, ел қоржынына жалғыз жүлдені мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды — ол Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар бірнеше отандасымыз алғашқы ондыққа кіріп, тарихи нәтижелерге қол жеткізді.

Мысалы, шаңғымен үлкен тұғырдан секіруден Илья Мизерных сегізінші орын алып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы осы спорт түрі бойынша ең үздік көрсеткішті тіркеді.

Конькимен жүгіруден Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта алтыншы орынға ие болды. Бұл — 1998 жылы Людмила Прокашева Олимпиадада қола жүлде алғаннан бергі ең жоғары нәтиже. Сондай-ақ Морозова 5000 метрде тоғызыншы, ал командалық із кесу сайысында сегізінші орын алды.

Оның командаласы Елизавета Голубева да үш рет үздік ондыққа енді: 1500 метрде жетінші, 3000 метрде оныншы орын алды. Голубева мен Морозова Арина Ильященкомен бірге командалық із кесуде сегізінші нәтиже көрсетті.

Конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 500 метрде тоғызыншы орынға тұрақтаса, шорт-трекші Денис Никиша 500 метр қашықтықта жетінші болып, жекелей сайыстағы ең үздік көрсеткішіне қол жеткізді.

Фристайл-акробатикадан аралас командалық жарыста Қазақстан құрамасы жетінші болды. Бұл сында Асылхан Асан, Роман Иванов және Аяна Жолдас өнер көрсетті. Ал ерлер арасындағы жекелей сында Роман Иванов 13-орын алып, ұлттық құраманың үздік нәтижесін жаңартты.

Могулдан Анастасия Городко параллельді могулда ширек финалға дейін жетіп, сегізінші орын алды. Осы бағдарламада Павел Колмаков тоғызыншы болды.

Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында Софья Самоделкина қос бағдарлама қорытындысы бойынша оныншы орын алып, Қазақстан тарихындағы ең жоғары нәтижені тіркеді.

Жалпы алғанда, Милан-Кортина-2026 Олимпиадасында Қазақстан атынан 10 спорт түрінде 36 спортшы бақ сынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button