Милан-Кортина-2026 Олимпиадасы салтанатты түрде жабылды

Италияның Верона қаласында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының жабылу рәсімі өтті.
Салтанатты кеш Еуропадағы ең танымал тарихи орындардың бірі — екі мың жылдан астам тарихы бар әрі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды. Қысқы Олимпиада тарихында тұңғыш рет жабылу салтанаты көне амфитеатрда өткізіліп, тарихи нысан заманауи сахнаға айналды.
Шоудың тұжырымдамасы «Beauty in Action» («Қозғалыстағы сұлулық») деп аталды. Қойылым спорт, өнер және табиғат үйлесімін көрсетуге арналды. Сахнаның басты элементі қозғалысты бейнелейтін ерекше конструкция болды — ол Олимпиада өткен Альпі таулары мен Италия қалаларын байланыстыратын символ ретінде ұсынылды. Бағдарламаның бір бөлігі Верона филармониялық театрында да көрсетілді.

Дәстүр бойынша делегациялар шеруі өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алтын медаль иегері, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.
Жабылу салтанатына 800-ден астам әнші, музыкант және биші қатысты. Көпдеңгейлі LED-сахна орнатылып, костюмдер италиялық опера дәстүрі үлгісінде тігілді. Ұйымдастырушылар еріктілердің еңбегін және спортшылардың Олимпиадаға дейінгі ұзақ жолын ерекше атап өтті.
Сурет: Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов.



