Оралда «Oral Winter Fest – 2026» аясында құсбегіліктен Қазақстан чемпионаты өтті

Орал қаласында қысқы спорт түрлерінен алғаш рет ұйымдастырылған «Oral Winter Fest – 2026» фестивалі жоғары деңгейде өтіп, өңір тарихындағы ірі спорттық оқиғалардың біріне айналды.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық, дәстүрлі және экстремалдық қысқы спорт түрлерін кеңінен қамтыды. Қонақтар мен тұрғындар тазы жарысын, жамбы атуды, шаңғымен жамбы атуды (Орал өңірінде алғаш рет өткізілген жаңа бағыт), автодрифтті, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы жарысын, балаларға арналған сырғанау алаңдарын, коньки тебуді, керлингті, қысқы баскетболды және өзге де сайыстарды тамашалады.
Фестиваль шеңберінде ересектер арасындағы құсбегіліктен Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты да ұйымдастырылды. Елдің барлық өңірінен келген 70-ке жуық құсбегі чемпиондық атақ үшін бақ сынап, ұлттық спорттың мәртебесін көтерді. Бүркіт, ителгі, қыран және қаршыға баптаған саятшылар Орал төрінде жиналып, ата дәстүрді дәріптеді.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Қазақстан құсбегілік федерациясының вице-президенті, этнограф Бағдат Мүптекеқызы, федерацияның атқарушы директоры әрі аға жаттықтырушы Базарбек Күнтуған және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша бүркітшілер арасында түркістандық Бағдат Кеуенов чемпион атанды. Екінші орынды шығысқазақстандық Архат Хамитжанов иеленсе, жамбылдық Серікболсын Жалғасұлы үздік үштікті түйіндеді.
Ителгі баптағандар арасында жамбылдық Бағдәулет Бабажанов топ жарды. Екінші орын ақмолалық Ерлан Кенжетаевқа, үшінші орын қарағандылық Темірәлі Төпегеновке бұйырды.
Сонымен қатар Бағдәулет Бабажанов қаршыға қосудан да жеңіске жетті. Жүлделі екінші және үшінші орындарды тиісінше Серікболсын Жалғасұлы мен батысқазақстандық Ернарбек Мәмет иеленді.



