
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс (10-1) UFC ұйымындағы алғашқы ресми кездесуін сәтті өткізді.
Ол АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен Fight Night 267 турнирінде америкалық Оди Осборнмен (13-9) кездесті. Ең жеңіл салмақта өткен жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен қазақстандық файтер жеңіске жетті.
Осылайша Ыдырыс кәсіби мансабындағы 11-жеңісін тіркеп, UFC-дегі жолын сенімді бастады. Ал Осборн үшін бұл ММА-дағы оныншы жеңіліс болды.
Айта кетейік, бұған дейін Әліби Ыдырыс ұйым турнирінде өнер көрсеткенімен, ол жолы келісімшартқа таласқан болатын. Кейін қазақстандық спортшы UFC-мен төрт жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойған.



