ҚЫСҚЫ СПОРТ

Олимпиада-2026: Қазақстан құрамасы шаңғымен тұғырдан секіруден 11-орын алды

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында шаңғымен тұғырдан секіруден үлкен тұғырдағы командалық («суперкоманда») жарыс өтті.

Қазақстан құрамасы сапынан Данил Васильев пен Илья Мизерных өнер көрсетті.

Бірінші кезең қорытындысында қазақстандық спортшылар келесі айналымға өтті. Алайда екі кезеңнің нәтижесі бойынша үздік сегіздікке ене алмай, финалға жолдама ала алмады. Нәтижесінде ұлттық құрама жарысты 11-орынмен аяқтады.

Жарыс ережесіне сәйкес әр кезеңде спортшылар бір-бір секіруден орындады: бастапқы айналымнан 12 команда өтсе, екі кезең қорытындысы бойынша финалға сегіз құрама ғана шықты.

Финал барысында қолайсыз ауа райына байланысты төрешілер жарысты тоқтатты. Соның нәтижесінде жүлделер алдыңғы секірулердің қорытындысы бойынша анықталды. Алтын медаль Австрия құрамасына бұйырса, Польша екінші орын алды, Норвегия үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, бұған дейін Илья Мизерных жеке сында үлкен тұғырда 8-орын алып, осы спорт түрінен Қазақстан тарихындағы ең жоғары нәтижені тіркеген еді.

Сурет: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button