
Сауд Арабиясының Әл-Кассим аймағында өтіп жатқан шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан спортшылары 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Тандемдік жарыс (ерлер, В класы, 26,8 км)
Қазақстандық Кирилл Ильюкевич (стокер) пен Глеб Бруссенский (пилот) 00:33:04 уақыт көрсеткішімен екінші орынға ие болды.
Наиль Ермұханбет (стокер) пен Руслан Әлиев (пилот) 00:34:22 нәтижесімен үшінші орынды иеленді.
Алтын медаль 00:32:50 уақытпен Оңтүстік Корея құрамасына бұйырды.
Тандемдік жарыс (әйелдер, 26,8 км)
Жұлдыз Қайнарова (стокер) мен Анжела Соловьева (пилот) 00:38:48 уақытпен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль жеңіп алды.
Күміс жүлде 00:40:34 нәтижесімен Анастасия Калаус (стокер) пен Полина Братчикова (пилот) жұбына бұйырды.
Үшінші орынды 00:43:16 уақытпен Таиланд спортшылары иеленді.
Жекелей сын
C4 класы (26,8 км):
Павел Бабенко 00:43:45 уақытпен күміс жүлдегер атанды. Бірінші орынды БАӘ спортшысы (00:38:11) иеленсе, үшінші орын өзбекстандық спортшыға (00:45:55) бұйырды.
H2 класы (handcycle):
Берік Қартбай күміс медаль жеңіп алды. Бұл — Қазақстан тарихындағы H класы бойынша Азия чемпионатындағы алғашқы жүлде.
Handcycle — тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар қолмен айналдыратын арнайы үш дөңгелекті велосипедпен жарысатын паралимпиадалық спорт түрі.
Айта кетейік, чемпионатқа 10 елден 50-ден астам спортшы қатысуда. 13 ақпанда Қазақстан құрамасы топтық жарыста сынға түседі.



