
Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы — УЕФА — 51-ші Конгрестің 2027 жылғы 4 наурызда Қазақстан астанасында өтетінін ресми жариялады.
Бұл шешім Брюссельде өткен мерейтойлы 50-ші Конгрес барысында хабарланды. Жиынға Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория қатысты.
УЕФА Конгресі – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Жыл сайын өтетін бұл жиынға 55 ұлттық қауымдастықтың өкілдері жиналады. Конгресс аясында Еуропадағы футболдың стратегиялық дамуына қатысты негізгі шешімдер қабылданып, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер бекітіледі, халықаралық жарыстарға байланысты тақырыптар қаралады және УЕФА-ның басшы органдары сайланады.
Айта кетейік, 51-ші Конгресс сайлау форматында өтеді. Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланады. Осылайша, Қазақстанда алдағы жылдары Еуропа футболының даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданбақ.
Конгресті өткізу құқығы ұйымға мүше елдерге сенім білдіру және олардың футболды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде беріледі. 51-ші Конгрестің Қазақстанда өтуі елімізде ұйымдастырылатын ең ірі халықаралық футбол жиындарының біріне айналмақ. Бұл Қазақстанның еуропалық футбол қауымдастығындағы беделін нығайтып, спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Конгресті ұйымдастыру және өткізу жұмыстары УЕФА қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Яғни, іс-шараға мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсалмайды.



