
Қазіргі уақытта Үндістанның Нью-Дели қаласында нысана көздеуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Аталған құрлықтық додада Қазақстан құрамасы әзірге бес медаль еншіледі.
Жеке сында Валерий Рахымжан пневматикалық тапаншамен 10 метр қашықтыққа оқ ату жарысында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Командалық сайыста да отандастарымыз табысты өнер көрсетті. Пневматикалық винтовкамен 10 метрге оқ атудан ерлер құрамасы екінші орын иеленді. Бұл жарыста Никита Шахторин, Константин Малиновский және Ислам Сәтпаев Қазақстан намысын қорғады.
Сондай-ақ ерлер арасында пневматикалық тапаншамен 10 метрге оқ атудан қазақстандық команда қола медаль жеңіп алды. Құрама сапында Валерий Рахымжан, Кирилл Федькин және Эльдар Иманқұлов болды.
Бұдан бөлек, ерлер құрамасы шағын калибрлі тапаншамен 25 метрге оқ атудан үшінші орынға тұрақтады. Бұл сайыста Никита Чирюкин, Кирилл Федькин және Артемий Кабаков өнер көрсетті.
Әйелдер құрамасы да жүлдесіз қалған жоқ. Пневматикалық винтовкамен 10 метрге оқ атудан командалық жарыста Елизавета Безрукова, София Шульженко және Арина Малиновская қола медальға ие болды.



