
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина әлемнің ең мықты он теннисшісінің қатарына қайта оралды.
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жариялаған жаңартылған рейтингте қазақстандық спортшы бір сатыға көтеріліп, 10-орынға жайғасты.
Аннаның үздік ондыққа қайта кіруіне Australian Open–2026 турниріндегі сәтті өнері себеп болды. Ол сербиялық **Александра Крунич**пен бірге жұптық сында финалға дейін жетті.
Мельбурндағы турнир аяқталғаннан кейін Данилина рейтингтің 11-сатысында тұрған еді. Алайда өткен аптада ол былтырғы ұпайларын қорғай алмаған латвиялық **Елена Остапенко**дан озып шықты.
Айта кетейік, 2025 жылдың маусым айында Ролан Гаррос турнирінің финалына шыққаннан кейін Анна Данилина жеке рекордын жаңартып, әлемдік рейтингтің 8-орнына дейін көтерілген болатын. Ал өткен маусымды қазақстандық теннисші 15-орынмен аяқтады.



