
Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы Australian Open–2026 турниріндегі табысты өнерінен кейін ITF Juniors әлемдік рейтингінде айтарлықтай серпіліс жасады.
17 жастағы спортшы жасөспірімдер арасында Аустралияның ашық чемпионатының жекелей сынында жартылай финалға дейін жеткен Қазақстан тарихындағы алғашқы теннисші атанды. Осы нәтижесінің арқасында жаңартылған рейтингте ол 12-орыннан 9-орынға көтеріліп, әлемнің үздік ондығына енді.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы өткен жылдың күзінде US Open Juniors турнирінде де жартылай финалға дейін жеткен болатын. Бұған дейін қазақстандық бірде-бір теннисші жасөспірімдер арасында «Үлкен дулыға» сериясындағы турнирлерде екі рет жартылай финал сатысына көтерілмеген.
Қазіргі таңда Қазақстан теннисі үшін тарихи көрсеткіш тіркеліп отыр: бір мезгілде WTA, ATP және ITF Juniors рейтингтерінің алғашқы ондығында еліміздің үш өкілі бар.
-
Australian Open–2026 жеңімпазы Елена Рыбакина WTA рейтингінде 3-орында;
-
Александр Бублик ATP рейтингінде 10-сатыда;
-
Заңғар Нұрланұлы ITF Juniors рейтингінде 9-орында тұр.
Сондай-ақ Australian Open–2026 турнирінің жұптық сындағы финалисі Анна Данилина әлемдік рейтингтің 11-орнында орналасқан.



