БАСҚАЛАРЫ

Геннадий Головкин Ресей Олимпиадалық комитеті басшылығымен ресми кездесу өткізді

Азия Олимпиадалық кеңесінің 46-бас ассамблеясы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing халықаралық федерациясының басшысы Геннадий Головкин Ресей Федерациясының спорт министрі әрі Ресей Олимпиадалық комитетінің төрағасы Михаил Дегтяревпен кездесті.

Кездесуге Ресей Олимпиадалық комитеті мен Ресей Спорт министрлігінің өкілдері де қатысты.

Тараптар халықаралық спорт саласындағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ ұлттық олимпиадалық комитеттердің халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылын талқылады. Әңгіме барысында халықаралық бастамаларға қатысу тәжірибесі, іске асыру тетіктері және олимпиадалық қозғалыстың тұрақты дамуы үшін спорт ұйымдары арасындағы тікелей диалогтың маңыздылығы сөз болды.

Кездесуде жастар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, басқару мен ұйымдастыру саласында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар қолданыстағы регламенттер аясында халықаралық спорт ұйымдарының институционалдық қызметі талқыланды.

Ресей тарапы қазақстандық делегацияны Ресей Олимпиадалық комитеті Спортшылар комиссиясының кеңейтілген отырысына және 2026 жылы өтетін жас олимпиадашылардың IV халықаралық форумына (YOIF 2026) қатысуға шақырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тұрақты жұмыс диалогын жалғастырып, өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button