ҚЫСҚЫ СПОРТ

Биатлон: Қазақстан құрамасы Олимпиада қарсаңындағы соңғы Әлем кубогы кезеңін аяқтады

Чехияның Нове-Место қаласында биатлоннан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары алдындағы соңғы Әлем кубогы кезеңі өтті. Бұл жарыста Қазақстан құрамасының ерлер және әйелдер командалары бірнеше бағдарламада өнер көрсетті.

Ерлер арасындағы жекелей сайыста Владислав Киреев 37-орынға табан тіресе, Әсет Дүйсенов 70-ші, Александр Мухин 75-ші нәтижені көрсетті.

Әйелдер арасындағы жекелей жарыста Милана Генева 70-орынмен мәреге жетті. Дарья Климина 84-ші, Айша Ракишева 85-ші орынға жайғасты.

Сондай-ақ қазақстандық биатлоншылар эстафеталық бағдарламаларда да бақ сынады. Аралас эстафетада ұлттық құрама 17-орынды иеленді. Бұл сайыста Вадим Куралес пен Милана Генева өнер көрсетті.

Командалық эстафетада Қазақстан құрамасы 16-орынға тұрақтады. Эстафеталық жарысқа Александр Мухин, Кирилл Бауэр, Айша Ракишева және Дарья Климина қатысты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Олимпиада алдындағы соңғы халықаралық жарысты аяқтап, басты төртжылдық додаға дайындықты түйіндеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button