
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатындағы өнерін сәтті жалғастырып, үшінші айналымға жолдама алды.
Екінші айналымда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 77-орында тұрған франциялық Варвара Грачевамен кездесті. Бұған дейін қарсыластар екі рет ойнап, екі матчта да Рыбакина жеңіске жеткен болатын.
Бұл жолғы кездесу оңай болған жоқ. Алғашқы сетте Грачева брейк жасап, алға шықты. Дегенмен Рыбакина мінез танытып, ойын тізгінін өз қолына алды. Бірінші партия 7:5 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.
Екінші сетте Елена сенімді ойнап, бір брейк артықшылығымен матчты 6:2 есебімен тәмамдады.
Кездесу 1 сағат 15 минутқа созылды. Ойын барысында Рыбакина 5 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.
Елена Рыбакина енді төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 54-ракеткасы, чехиялық Тереза Валентовамен кездеседі.



