Биатлоннан 2026 жылғы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама тізімі анықталды

Қазақстан биатлоншылар одағы жаттықтырушылар штабымен бірге 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін бекітті.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан төрт квотаға ие болған еді (екі ер, екі әйел). Олимпиадаға қатысатын құрам төмендегідей:
Ерлер: Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов
Әйелдер: Милана Генева, Айша Ракишева
Федерацияның мәліметінше, бұл — Қазақстан биатлоны тарихындағы ең жас құрамдардың бірі. Спортшылардың орташа жасы — 24-25.
Қазіргі таңда команда Чехияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр және Әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысады. Бұл турнир Олимпиада алдындағы соңғы дайындық сатысы болмақ. Бұдан соң ұлттық құрама Италияға оқу-жаттығу жиынына аттанады.
2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында биатлон жарыстары 8 ақпанда басталады.



