
Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Мельбурнда өтіп жатқан Аустралия ашық чемпионатында бастапқы матчын жеңіспен аяқтады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 48-ракеткасы америкалық Дженсон Бруксбимен ойнап, үш сетте басым түсті — 6:4, 6:4, 6:4. Екі сағаттан аса созылған кездесуде Бублик 12 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды.
Осылайша Александр Бублик жарыстың екінші айналымына өтті. Келесі матчта ол әлемнің 55-ракеткасы мажарстандық Мартон Фучовичпен күш сынасады.
Бублик өткен жылы Аустралия ашық біріншілігін алғашқы айналымда аяқтаған еді. Биылғы жеңіс оған рейтингілік ұпай мен қаржылай сыйақы қорын арттыруға мүмкіндік береді.



