Көшпенділер ойынының бағдарламасына көкпар ресми түрде енгізілді

Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ресми бағдарламасына қазақтың көкпары қосылды. Бұл ақпаратты «Қазақстан Көкпар Федерациясының» президенті Айдарбек Қожаназаров растады.
Бұған дейін жарыс тізімінде көкпардың болмауы қоғамда қызу талқыланған еді.
Қожаназаровтың айтуынша, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен қырғыз тарапының келіссөзі нәтижесінде оң шешім қабылданған:
— Көкпар да, көк бөрі де қазақ пен қырғыз үшін ортақ ұлттық болмыстың белгісі. Бұл тек спорт емес, мәдени код пен ұрпақтар сабақтастығы. Халықаралық деңгейде мұндай ойындар елдер арасындағы достық пен бірлікті нығайтуы тиіс, — деді ол.
Көкпардың бағдарламаға енуі Қазақстаннан бөлек ойынға келетін Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан секілді көкпар кең таралған елдер үшін де маңызды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енген, 100-ге жуық ел қатысады деп жоспарланған.



