
Кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына байланысты тәртіптік істің қорытынды тыңдауы 19 қаңтарға белгіленді. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков хабарлады.
Оның айтуынша, дәл сол күні 8 қаңтарда ашылған В допинг-сынаманың талдау нәтижелері ресми түрде жарияланады.
Федерация өкілдері В сынамасының қорытындысы шыққанға дейін Жәнібек Әлімханұлы кінәсіз деп есептелетінін және чемпиондық мәртебесін сақтайтынын атап өтті. Сондай-ақ істі қарау белгіленген халықаралық антидопинг талаптары мен рәсімдерге толық сәйкес жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айының басында боксшының WBA чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жекке дайындық барысында алынған А допинг-пробасынан мельдоний табылғаны хабарланған еді. Осыған байланысты алынған В сынама 8 қаңтарда ашылып, қайта талданды. Қорытынды шешім 19 қаңтарда жарияланады.



