Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметінен кетті

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясында кадрлық өзгерістер болды. Ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова федерацияның құрметті президенті болып сайланды.
Рыпакова Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының мүшесі ретінде халықаралық ұйымдармен байланыс, шетелдік мамандармен әріптестік бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Осыған байланысты ол федерация президенті лауазымынан құрметті президент мәртебесіне ауысты.
Ольга Рыпакова федерация президенті қызметін бір жыл атқарған болатын.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының жаңа президенті болып «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов тағайындалды.
Айта кетейік, жеңіл атлетика еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің қатарына жатады. Қазақстанда бүгінгі таңда 360 мыңнан астам адам бұл спортпен жүйелі түрде шұғылданады.



