Қазақстан ҰОК пен Қытай Елшілігі спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігі делегациясымен кездесу өткізді. Кездесуге ҚХР Елшілігінің кеңесшісі Цуй Инлань, сондай-ақ мәдениет, туризм және спорт бағыттарына жауапты атташе Чжан Тай қатысты.
Тараптар алдағы жылға жоспарланған іс-шаралар жөнінде пікір алмасып, спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту тетіктерін талқылады. Сондай-ақ өткен жылы өткен ірі халықаралық жарыстар, соның ішінде Харбиндегі қысқы Азия ойындары қаралды.
Кездесу барысында 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарына ерекше назар аударылды. Аталған жарыс 22–30 сәуір аралығында Қытайдың Санья қаласында (Хайнань аралы) өтеді. Бұл — жағажайдағы Азия ойындарының тарихындағы алтыншы шығарылым болмақ. Бәсекеге құрлықтың түкпір-түкпірінен спортшылар қатысады. Жарыс бағдарламасына жағажай волейболы, жағажай футболы, 3×3 баскетбол сынды дәстүрлі дисциплиналармен қатар серфинг, ашық суда жүзу, желкенді спорт секілді су спорты түрлері қосылып, жалпы 14 спорт түрі қамтылған.
Кездесу шеңберінде екі елдің спорт мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл, халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ ұйымдастырушылық және мәдени мәселелер талқыланды.
Әлімжан Ақаев қытайлық әріптестердің біліктілігі мен ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп:
«Қытай ірі халықаралық кешенді спорттық жарыстарды ең жоғары деңгейде өткізуде мол тәжірибеге ие. Саньядағы жағажайдағы Азия ойындары халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылып, өңірлік спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға боларына сенімдімін», — деді.
Тараптар кездесудің соңында сындарлы диалогты жалғастырып, екіжақты спорттық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді.


