ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Ақтөбеде» ахуал ушығып тұр: Жаңа басшының 3 ай бұрынғы жазбасы және алдағы сценарийлер

Ақтөбе футболындағы жағдай тұйыққа тірелді. 8 қаңтар күні клубтың жаңа басшылығын таныстыру рәсіміндегі жанжал жанкүйерлер мен басшылық арасындағы «суық соғыстың» басы болуы мүмкін. Клубтың басқарма төрағасы болып тағайындалған Арман Оспановтың тағдыры қыл үстінде тұр.

«Ескі қателік» емес, жаңа көзқарас

Жанжалдың басты себебі – Арман Оспановтың әлеуметтік желідегі белсенділігі. Бастапқыда көпшілік мұны «жастық шақтағы қателік» деп қабылдауы мүмкін еді. Алайда, дау тудырған пікірлердің тым ескі емес екені белгілі болды.

Жанкүйерлердің ашуына тиген, «Ақтөбе» клубы мен оның жақтастарын қорлаған жазбалар небәрі 3 ай бұрын жазылған. Бұл факт жанкүйерлердің «адам уақыт өте келе өзгереді» деген уәжді қабылдамауына негіз болды. «Қайраттың» фанаты ретінде танылған маманның үш ай бұрын ғана «Ақтөбені» сыбап, бүгін сол клубты басқаруға келуі — ақтөбеліктер үшін нағыз екіжүзділік көрінді.

Енді не болады? Оқиғаның өрбу сценарийлері

Қазіргі жағдай өте күрделі және оның шешімі бірнеше бағытта өрбуі мүмкін. Сарапшылар негізгі үш сценарийді алға тартады:

1. Инвестордың принципті шешімі «Ақтөбе» қазір жекеменшік қолда («Qazaq Stroy»). Жаңа қожайын Нұрлан Артықбаев эмоцияға берілмей, Арман Оспановты кәсіби біліктілігі (FIFA Master дипломы бар) үшін қалдыруы мүмкін. Бұл жағдайда басшылық жанкүйерлердің айқайына құлақ аспай, жұмысты жалғастыра береді. Оспановтың өзі де «эмоцияны шетке ысырып, нәтижеге жұмыс істеймін» деп отыр.

2. Трибуналардың бос қалуы және бойкот Егер Оспанов орнында қалса, әйгілі «13-сектор» мен қалың жанкүйер наразылықтың келесі кезеңіне өтуі ғажап емес. Бұл — матчтарға бармай бойкот жариялау немесе әр ойын сайын «кетсін» деген баннерлер іліп, қысым көрсету. Стадиондағы атмосферасымен мақтанатын «Ақтөбе» үшін жанкүйерсіз қалу — үлкен соққы. Бұл инвесторды да ойландыруы мүмкін.

3. Алғашқы нәтижелер – шешуші фактор Ең оптимистік, бірақ тәуекелді сценарий. Егер чемпионат басталғанда «Ақтөбе» қатарынан жеңіске жетіп, керемет ойын көрсетсе, наразылық сәл бәсеңдеуі мүмкін. Жеңіс — ең жақсы емші. Алайда, команда сүріне бастаған сәтте, қысым екі есе күшейіп, Оспановтың қызметтен кетуіне тура келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button