
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылдың қаңтар айына жоспарланған спорттық мақсаттары туралы пікір білдірді.
Жаңа маусымның алғашқы айында дәстүрлі түрде әртүрлі деңгейдегі жарыстар өтеді. Солардың ішіндегі ең беделдісі — Үлкен дулыға санатындағы Australian Open турнирі.
Қаңтардың алғашқы күндерінде Аустралияның Брисбен қаласында WTA турнирі басталып, оған Қазақстанның бірінші ракеткасы Рыбакина да қатысуда. 1/16 финалдағы алғашқы кездесуінде қазақстандық теннисші қытайлық Чжан Шуай спортшымен ойнап, 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Матчтан кейін Елена Рыбакина тек өткен ойынға ғана емес, алдағы Australian Open-2026 турниріндегі жоспарларына да тоқталды. Оның айтуынша, спортшы 2025 жылдың күзінен бері жинаған оңтайлы спорттық бабын сақтап отыр және осы мүмкіндікті пайдаланып, жаңа маусымдағы алғашқы Үлкен дулыға жарысында ең жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейді.
Рыбакина жанкүйерлердің қолдауына ерекше алғыс айтып, Аустралия жағдайына бейімделу оңайға соқпайтынын, алайда басты мақсат — турнирде соңына дейін күресу екенін атап өтті. Оның сөзінше, әр матчта кортқа толық дайындықпен шығып, тек жеңіс үшін ойнау — негізгі ұстаным.
Брисбендегі WTA турнирінің екінші айналымында Рыбакина чехиялық Мари Боузкова мен испаниялық Паула Бадоса арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетейік, Australian Open-2026 турнирі 18 қаңтарда басталады. Биылғы жарыс рекордтық жүлде қорымен ерекшеленбек: жекелей сындағы чемпиондар шамамен 3 миллион АҚШ долларын иеленеді.



