Аустралияның Брисбен қаласында өтетін WTA 500 санатындағы турнирде Қазақстанның бірінші, әлемдік рейтингтің 5-сатысындағы Елена Рыбакинаның алғашқы қарсыласы анықталды.
Жарыста үшінші нөмірмен тіркелген Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастайды. Бұл кезеңде қазақстандық теннисші әлемнің 44-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгер немесе іріктеу сайысының жеңімпаздарының бірімен кездеседі.
Ал тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 71-ракеткасы Юлия Путинцева іріктеу кезеңінің финалында күтпеген жерден жеңіліп қалды. Ол дүниежүзілік рейтингте 206-орында тұрған аустралиялық **Оливия Гадеки**ге 6:1, 5:7, 1:6 есебімен жол беріп, негізгі жарысқа шыға алмады.
Айта кетейік, 2024 жылы Брисбен турнирінде Елена Рыбакина чемпион атанса, өткен маусымда жарыс жеңімпазы Беларусь өкілі, әлемнің 1-ракеткасы Арина Соболенко болған. Биылғы турнирде бұл екі теннисші тек жартылай финал кезеңінде ғана жолығуы мүмкін.



