ХОККЕЙ

Хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасының дайындық жоспары белгілі болды

2026 жылдың 19–25 қаңтары аралығында Түркияның Стамбул қаласында шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионаты (IIA дивизионы) өтеді.

Жоғары дивизионға жолдама үшін Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея, Латвия, Нидерланд, Жаңа Зеландия және Түркия командаларымен бақ сынайды.

Өткен маусымда қазақстандық хоккейшілер тек Ұлыбритания құрамасына есе жіберіп, турнирді күміс жүлдемен аяқтаған болатын. Сол жылы британдық команда бірінші дивизионға көтерілді. Ал биылғы додада жоғары дивизионнан түсіп қалған Оңтүстік Корея құрамасы негізгі қарсыластардың бірі саналады.

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы әлем чемпионатына дайындықтың нақты жоспарын бекітті. 4 қаңтарда команда Өскемен қаласында бас қосып, оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңін өткізеді. Кейін 14–18 қаңтар аралығында дайындық Түркияда жалғасады. Осы кезеңде бір жолдастық кездесу өткізу жоспарланған, қарсылас команда кейін белгілі болады.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын 19 қаңтарда Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button