
Дзюдодан 2025 жылғы спорттық маусым өз мәресіне жетті. Әлемдік турдың соңғы жарысы Жапонияның Токио қаласында өткен Grand Slam турнирі болды.
Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге қатыспағанымен, Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалды. Маусым қорытындысы бойынша қазақстандық дзюдошының еншісінде 5096 ұпай бар. Ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем рейтингінің көшін бастап тұр.
Өкінішке қарай, өзге қазақстандық дзюдошылардың ешқайсысы жыл соңында үздік ондыққа ене алған жоқ. Дегенмен Ғұсман Қырғызбаев (66 келіге дейін) пен Абылайхан Жұбаназар (81 келіге дейін) рейтингте 14-орынға тұрақтап, алғашқы ондыққа жақын болды.
Айта кетейік, биыл Әбиба Әбужақынова Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған еді.



