
Қазақстан күрес федерациясының жалпы жиналысында еркін және әйелдер күресі бойынша ұлттық құрамалардың бас бапкерлері бекітілді. Жиын барысында федерацияның алдағы кезеңге арналған стратегиялық даму бағыттары да талқыланды.
Жалпы жиналыс қорытындысы бойынша федерацияның вице-президенттері қызметіне Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко және Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров тағайындалды. Бас хатшы қызметін бұған дейін «Қазақ күресі» қауымдастығын басқарған Дамир Бекбосынов атқаратын болды. Ал бұрынғы вице-президенттер Нұржан Қатаев, Дәурен Жабасов және Сабыржан Зайнидинов өз қызметтерін жалғастырады.
Сонымен қатар жиында еркін және әйелдер күресінен ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушысы лауазымына ұсынылған үміткерлердің бағдарламалары тыңдалды. Талқылау нәтижесінде еркін күрестен Аслан Байгуловтың, әйелдер күресінен Әділет Ермаковтың кандидатуралары ұсынылды.
Федерация президенті Еркін Оқасов алдағы басты мақсат күрес спортын әділ, жүйелі және тұрақты дамыту екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық өңірлердегі жұмыс ортақ талаптарға негізделіп, қабылданатын шешімдер ашық әрі түсінікті болуы тиіс.



