
Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында Қазақстанның голболдан ұлттық құрамасы тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет алтын медаль иеленді.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, турнирге Қазақстанмен бірге Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Сауд Арабиясының командалары қатысқан. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті.
Алғашқы кездесулерде қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға 9:10, Иранға 3:5 есебімен жол берді. Кейін команда ойын өрнегін түзеп, тактикалық тұрғыда жинақтала түсті. Соның нәтижесінде Сауд Арабиясы 12:7, Таиланд 11:1 есебімен жеңіліп, Қазақстан плей-офф кезеңіне шықты.
Жартылай финалда отандастарымыз Иран құрамасын 7:5 есебімен жеңсе, финалда Оңтүстік Кореядан 9:6 есебімен басым түсіп, чемпион атанды.
Турнир қорытындысында Қазақстан бірінші орынға ие болды. Күміс жүлде Оңтүстік Кореяға, қола медаль Иран құрамасына бұйырды.



