
Өзбекстанның Ташкент қаласында семсерлесуден жасөспірімдер (юниорлар) арасындағы Әлем кубогының кезеңі мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде шпага сайысы бойынша сынға түскен Қазақстан құрамасының мүшесі Кирилл Проходов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Отандасымыз жарыс барысында айқын басымдық танытып, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Атап айтқанда, жартылай финалда Кирилл алаң иесі, өзбекстандық Камронбек Исмоиловпен кездесіп, оны 15:6 есебімен ойсырата жеңді.
Ал алтын жүлде үшін өткен шешуші финалдық сайыста қазақстандық спортшы Тайбэй өкілі Чень Бин-Юнмен күш сынасты. Бұл кездесуде де Проходов шеберлік танытып, қарсыласын 15:7 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Кирилл Проходов халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.



