
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілі Сәкен Бибосынов (54 келі) алтын медаль жеңіп алды.
Финалда отандасымыз ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасты. Алғашқы раундта төрешілердің пікірі екіге жарылса, екінші раундта Сәкен Бибосынов айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Шешуші үшінші раундта да қазақстандық боксшы сенімді өнер көрсетіп, кездесудің тағдырын өз пайдасына шешті.
Осылайша Сәкен Бибосынов мансабында екінші рет әлем чемпионы атанып, Қазақстан боксының абыройын асқақтатты.



