Биатлоншы Владислав Киреев Әлем кубогында тарихи рекорд орнатты

Австрияның Хохфильцен қаласында өтіп жатқан биатлоннан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Владислав Киреев айтулы жетістікке қол жеткізді. Отандасымыз із кесу (пасьют) бәсекесінде ел тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті.
Жарыс жолына шыққан Киреев төрт атыс шебінің барлығында асқан мергендік танытты. Ол бірде-бір рет мүлт кетпей, нысаналардың барлығын дәл көздеді. Осы «таза» атыстың және жылдамдықтың арқасында спортшы мәре сызығын 20-шы болып қиды.
Бұл – Қазақстан ерлер командасы үшін Әлем кубогы кезеңдеріндегі із кесу сайысы бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін мұндай нәтиже болмаған еді.
Сонымен қатар, осы жарыста тағы бір қазақстандық биатлоншы Әсет Дүйсенов те бақ сынады. Ол жарыс қорытындысы бойынша 37-орынға тұрақтады.



