
Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан клубтық әлем чемпионатында қазақстандық «Жетісу» командасы топтық кезеңдегі екінші матчын өткізді.
Алғашқы ойында Италияның «Савино Дель Бене» клубына 0:3 есебімен жол берген талдықорғандықтар бұл жолы Перудің «Альянца Лима» командасына қарсы алаңға шықты.
Кездесу тартысты басталып, бірінші партияны «Жетісу» 26:24 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші сетте перулік команда басымдық алып, 25:21 есебімен есепті теңестірді. Ойынның ары қарайғы бөлігінде де «Альянца Лима» шешуші сәттерде басым түсіп, үшінші және төртінші сеттерде жеңіске жетті — 25:23, 26:24.
Қорытынды есеп — 3:1, Перу клубының пайдасына.
«Жетісу» топтық кезеңдегі соңғы матчын 12 желтоқсанда алаң иелері — «Озаску Сан-Кристован» командасына қарсы өткізеді.



