БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК WADA-2025 Бүкіләлемдік допингке қарсы конференциясына қатысты

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен WADA-ның 2025 жылғы Бүкіләлемдік допингке қарсы конференциясына қатысты. Іс-шара Busan Exhibition and Convention Center алаңында ұйымдастырылды.

Азияда алғаш рет өткен форумға әлемнің 190-нан астам елінен 2000-ға жуық делегат жиналды. Қатысушылар қатарында антидопинг ұйымдары, халықаралық федерациялар, ұлттық олимпиадалық комитеттер, аккредиттелген зертханалар мен спорт саласындағы институттардың өкілдері болды. Қазақстан ҰОК атынан конференцияға Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов қатысты.

Конференция барысында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри, WADA президенті Витольд Банька, вице-президент Ян Ян, Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің алғашқы нұсқасын әзірлеушілердің бірі Ричард Янг, сондай-ақ халықаралық федерациялар мен антидопинг ұйымдарының жетекшілері баяндама жасады.

Форумның басты нәтижесі – 2027 жылдан бастап күшіне енетін Бүкіләлемдік антидопинг кодексінің жаңартылған нұсқасының қабылдануы болды. Құжаттар пакетіне сегіз халықаралық стандарт және спортшылардың құқықтарына қатысты жаңартылған Athletes’ Anti-Doping Rights Act енгізілді.

Жаңа өзгерістер спортта адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге және допингке қарсы жүйеде тек бақылауға емес, спортшылармен серіктестікке негізделген тәсілді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар кәмелетке толмаған спортшылар мен осал топтарды қорғауға ерекше мән берілді.

Жаңартылған антидопинг кодексі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осы кезеңге дейін халықаралық және ұлттық ұйымдар өз ережелері мен рәсімдерін жаңа талаптарға сәйкестендіруі тиіс.

Роман Теміржановтың айтуынша, конференция жаңартылған Кодекстің мазмұны мен болашақ талаптарын жан-жақты түсінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ ұлттық регламенттерді дер кезінде бейімдеп, қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылардың халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету аса маңызды екені атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button