Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары кезінде келісілген матчтардың алдын алу мақсатында Адалдықты қамтамасыз ету бөлімін құрғанын мәлімдеді.
ХОК-тың ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл бөлім «Милан–Кортина 2026» ұйымдастыру комитетімен бірлесіп жұмыс істейді. Құрылым 2026 жылдың 30 қаңтары мен 24 ақпаны аралығында — Олимпиада ауылдарының ашылуынан жабылуына дейін толыққанды қызмет атқарады. Негізгі міндеті — ойындар барысында ықтимал бұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау. Сонымен қатар бөлім спорттық тәртіптік органдар мен құқық қорғау құрылымдары арасындағы ақпарат алмасуды үйлестіреді.
Айта кетейік, мұндай жүйе 2012 жылғы Лондон Олимпиадасынан бері барлық Олимпиада ойындарында қолданылып келеді және тиімділігін дәлелдеген.
ХОК-тың этика және нормалардың сақталуы жөніндегі бас маманы Джузеппе Делеонарди этикалық құқықбұзушылықтардың түрі әрқилы болуы мүмкін екенін атап өтті.
– Этикалық бұзушылықтар бәсекелестерді әдейі манипуляциялаудан бастап, аккредиттелген тұлғалардың парақорлығы немесе этикаға жат мінез-құлқына дейін жалғасуы мүмкін. Егер іс барысында қылмыстық белгілер анықталса, біз Италияның билік органдары, полициясы мен әділет құрылымдарымен толық көлемде ынтымақтасамыз, – деді ол.
Адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі Бірлескен бөлімнің басты бағыттарының бірі — келісілген матчтарға қарсы күрес. Бұл орган кең халықаралық желіге ие, соның арқасында букмекерлік нарықтардағы күдікті әрекеттерді, соның ішінде аккредиттелген тұлғаларға қатысты қаржылық операцияларды жедел анықтау мүмкіндігі бар.
Осылайша, ХОК Милан–Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындарының адалдық пен әділдік қағидаттарына сай өтуін қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отыр.



