
Орта салмақта WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы мен WBA чемпионы Эрисланди Лараның 6 желтоқсанда өтуі тиіс жекпе-жегі ресми түрде өткізілмейтін болды.
ҚР Бокс федерациясы таратқан мәліметке сәйкес, айқасқа үш күн қалғанда Жәнібектің допинг-тестінен мельдоний анықталғаны белгілі болған.
Хабарламада:
«6 желтоқсанға жоспарланған айқасқа үш күн қалғанда, Жәнібек Әлімханұлының тестінен мельдоний табылды. Жәнібектің ең маңызды жекпе-жегі тоқтатылды», – делінген.
Алғашқы ақпаратты The Ring журналисі Майк Коппингер жариялаған. Арада көп өтпей ESPN тілшісі Дэн Рафаэль жағдайдың күрделі екенін растап, VADA ұйымының ресми хатын бөлісті. Құжатта Жәнібектің қайта тапсырған («екінші үлгі») тесті де тыйым салынған затқа оң нәтиже көрсеткені жазылған.
Жәнібек Әлімханұлы бұл айыптауларды жоққа шығарып:
«Мен әрқашан таза спорт үшін күрестім. Жаңалықты оқығанда қатты таңғалдым. VADA алғашқы тесттің таза болғанын айтқан еді. Мен дәрумен қабылдау тәртібін өзгерткен жоқпын. Екінші тесттегі жағдайды түсінбеймін, толық қайта тексеруді талап еттім», – деп мәлімдеді.
Ұйымдастырушылар Лараға шұғыл түрде жаңа қарсылас тапты. Енді оның орнына венесуэльалық Йохан Гонсалес (36-4, 34 KO) жекпе-жекке шығады.



